Қуаныш Жиенбай , Түс көрмейтін кісі/ Әңгімелер жинағы-Алматы, -«Алматы - Болашақ» АҚ,2025.-384б.
«Түс көрмейтін кісі» — халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Қуаныш Жиенбайдың Алматыдағы «Алматы-Болашақ» баспасынан жарық көрген салмақты әңгімелер мен хикаяттар жинағы. Жинақтың негізгі сюжеттік желілері мен философиялық мазмұны адам тағдыры, қазақ қоғамының рухани болмысы мен күнделікті тіршіліктің психологиялық қалтарыстарына негізделген. Кітаптың атауын берген «Түс көрмейтін кісі» шығармасында адамның ішкі жалғыздығы мен рухани жарақаты суреттеледі. Автордың пайымдауынша, түс көрмеу — бұл жай ғана физиологиялық ерекшелік емес, бұл адамның жан дүниесіндегі бос кеңістік, сезімдердің уақытша "өшіп қалуы" мен өмірден түңілуінің белгісі. Кейіпкердің басынан кешкен қасіреті ашыла келе, оның бойындағы үміт пен сезімнің қайта тірілуі, өзін және қоршаған ортаны қайта тануы өте нәзік баяндалады Жинаққа енген шығармалардың бірінің басына автор: «осы әңгіменің сюжеттік желісін айтып, қағазға түсуіне себепкер болған марқұм Рақымжан Отарбаев еді» деген арнайы жазба қалдырған. Бұл шығармаларда адам мен жануар (ит) арасындағы қарым-қатынас, қоғамдағы мейірім мен адалдықтың қадірі жоғалуы, адамгершілік құндылықтардың төмендеуі детальдар мен диалогтар арқылы шынайы көрсетіледі. Қуаныш Жиенбайдың кейіпкерлері көбіне оқырман күтпеген тосын әрекеттер жасайды. Мәселен, өмір мен өлімнің орын ауыстырып кететін сәттері, өмірдің қисынсыз жақтарын көрсету арқылы оқырманды баяу ағыспен терең ойға жетелеу — жазушының негізгі қолтаңбасы болып табылады.