Кемел Тоқаев (Жазушы туралы). – Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2024.-600 б.
«Кемел Тоқаев» [Мәтін] : жазушы туралы — Алматы қаласындағы беделді «Ан Арыс» баспасынан 2024 жылы жарық көрген ауқымды жинақ. Жобаның авторы — белгілі әдебиет сыншысы Б. Т. Сарбалаев.Кітап қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының хас шебері, майдангер-жазушы Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылық мұрасын жаңа заман талабына сай зерделеуге арналған және үш негізгі бөлімнен тұрады. Балалық шақ пен майдан даласы. Бұл бөлімде «Қазақ детективінің атасы» атанған қаламгердің қисапсыз қиындыққа толы балалық шағы, ұжымдастыру жылдарындағы аштық нәубеті және соғыс өртіне шарпылған жастық шағы архивтік деректермен нақтыланып, жүйелі баяндалады. Шығармашылық зерттеу және сырласу. Мұнда әдебиет, мәдениет және өнер саласының белгілі тұлғаларымен бірге жазушының ішкі сырына үңілу сипатталған. Оның «Түнде атылған оқ», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс» романдары мен хикаяттарының жазылу тарихы мен көркемдік ерекшеліктеріне терең сын-сараптама жасалады. Замандастар естелігі мен бағасы. Кемел Тоқаевпен иық тіресе еңбек еткен замандастарының, қаламгер інілері мен әдебиеттанушы ғалымдардың естеліктері мен эсселері топтастырылған. Оның ресми мемлекеттік басқару стилін, қазақ тілінің терминологиясын дамытуға (Жоғарғы Кеңестің «Ведомостарының» бас редакторы ретінде) қосқан үлесі ерекше атап өтіледі.